32 спорт түрінен өтетін жарыстарда 329 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. 2024 жылғы жазғы Олимпиаданың астанасы Париж болып аталғандықтан, жарыстардың басым бөлігі Франция астанасында болады. Сонымен қатар Версаль қаласы да сайыстарды қабылдайды. Ал футбол турнирінің матчтары Парижден өзге Марсель, Лион, Ницца, Бордо және Сент-Этьенде өтеді.
Париждегі ойындарға негізгі 32 спорт түрі кіргенімен, 48 сайыстан жарыстар өтеді. Әрбір олимпиада сайын бірнеше жаңа спорт түрлері бағдарламаға енгізіледі. Биыл скейтбординг, спорттық тауға өрмелеу, серфинг және брейк-данс кірді.
Париж-2024 ойындарына 200-ден астам мемлекеттен 10,5 мың спортшы қатысады. Ең көп спортшы апаратын елдер тізімін әдеттегідей АҚШ бастап тұр – 592. Екінші орында ойын қожайындары – 587. Ал үздік үштікті Австралия түйіндейді – 468. Қытай құрамасы сапында 398 спортшы ғана болғанымен, жалпы делегация құрамында 800 адам бар. Ал Қазақстан ұлттық құрамасы 80 спортшыдан тұрады. Олар спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығына таласады. Жеңіп алған лицензиялар саны бойынша көш басында боксшылар – 10 спортшы, одан кейін дзюдошылар келеді – 8 спортшы. Олимпиадалық квоталар саны бойынша үшінші орында жеңіл атлеттер тұр.
Алдын ала жарыстарды 24-шілдеде футболшылар мен регбишілер бастайды.
Париждегі Олимпиада ойындарына билеттерді турнирдің ресми сайтынан сатып алуға болады. Жарыстың іріктеу кезеңдеріне ең арзан билеттер 24 евро тұрады. Бұл ретте баскетболдан ерлер турнирінің финалына ең арзан билет 125 Еуро, спорттық гимнастика бойынша финалдық жарыстар 100 Еуро, суға секіру бойынша 85 Еуро. Жүзу және жеңіл атлетика финалын көру мүмкіндігі үшін 85 Еуро төлеуге тура келеді.